"Ақмола облысы білім басқармасының Зеренді ауданы бойынша білім бөлімі Ұялы ауылының  бастауыш мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Коммунальное государственное учреждение "Начальная школа села Уялы отдела образования по Зерендинскому району управления образования Акмолинской области"

СоцСети

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

"Мәңгілік ел алыптары". Мәншүк Мәметова

22.01.2023 Сұрапыл соғыс жылдарында жаратылысы нәзік болса да, сайдың тасындай сарбаздардан кем түспей, қайтпас қайсар қайратымен қан майданда ерлік көрсеткен қазақтың батыр қыздарының есімдері ел есінде. Солардың бірегейі, қазақ қыздарының арасынан тұңғыш рет Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған пулеметші – Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова. «...Ерліктің қос қанаты деп білем мен, Аяулы Әлия мен Мәншүгімді» деген әнді қосыла шырқаған әрбір қазақ қызы қос батыр апаларының ерлігіне сүйсіне өскен. Ерліктің қос қанатына баланған тұлғаның бірі – Мәншүк Мәметова 1922 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Мәнсия. Екі ұлдан кейін дүниеге келген қызының қарақаттай көздеріне қарап анасы «Моншағым» деп еркелетеді. Атын айтуға тілі келмеген кішкентай Мәнсия өзін «Мәншүк» деп атап кетеді. Қылығы тәтті үш жасар Мәншүкті әкесінің перзент сүйе алмай жүрген інісі Ахмет асырап алғысы келетіндігін айтып өтініш жасайды. Ата-анасы баласын қимағанымен қыздарының қалада оқып, болашағы жарқын болғанын қалайды. Осылайша қазақтан шыққан алғашқы дәрігер – Ахмет Мәметов жұбайы Әминамен Мәншүкті Алматыға алып кетеді. Батыр қыз балалық, жастық шағында Әмина Мәметованың тәрбиесін көреді. Тегін ауыстырған Мәншүк 1931-1938 жылдары Алматы қаласындағы №28 мектепте білім алады. Кейіннен әке жолын қуып, медицина институтына оқуға түседі. 1937 жылы дәрігер Ахмет Мәметов «халық жауы» деген айыппен қамауға алынады. «Менің Мәншүгімді ренжітпе, аман сақта», - деген екен Ахмет әйеліне айтқан соңғы сөзінде. Жайсыз оқиғадан кейін Мәншүктің анасы Әминаның да басқан ізі аңдулы болып, соғысқа дейінгі жылдары көп қиындық көреді. Тұрмыстары төмендеп кеткеннен кейін ол Халық комиссарлар кеңесінің денсаулық сақтау бөлімінде хатшы-машинист қызметін атқарады. Жұмыстан бос кезінде жалпыға міндетті соғыс өнерін үйрену сабақтарына қатысып, қару-жарақтың барлық түрін меңгеруге күш салады. Тағдыр тауқыметін тартқан Мәншүк Мәметова 1941 жылдың басында үйінен жатақханаға қоныс аударады. Осы кезде Мәншүктің қасынан табылып, демеу болған замандас досы, танымал жазушы Ілияс Есенберлин былай еске алады: «Біз екі жігіт, Мәншүктің жақын достары, барлық қиыншылық, ауыртпалықты көрдік, тірідей жетім Мәншүкті барынша жұбатып, демедік. Ол әкесі Ахметтің ұсталып кеткеніне қатты қайғырды, ешқандай тағат таппады, әкесімен кездесуге сұранды, инстанция бойынша да жазды, яғни әкесі Ахмет Мәметовтың кінәлі емес екендігін дәлелдеу үшін. Бірақ өкінішке қарай, мұның бәрі бос әурешілік болды. Бір кешкі уақытта біз оның байлығы: шереден жасалған сандықша толы жеке заттарын алып үйінен жатақханаға көшірістік. Жұмыстан бос кезімізде Мәншүктің жанында болуға тырыстық». 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Кеңестер елін қорғауға қатысып, майдан даласында жаумен шайқасу арқылы өзінің сүйікті әкесі Ахметті жазықсыз жазадан құтқарып қалуды ойлаған қайсар қыз: «Фашистерді жою үшін майданға жіберетін менің ағайым да, апайым да жоқ, сондықтан өзімді жіберіңіз», -деп өтініш жазып, соғысқа баруға шешім қабылдайды. Мәншүк ол кезде әкесінің ату жазасына кесілгенінен бейхабар еді. Ержүрек қыз діттеген мақсатына жетіп, ер азаматтармен бірге соғысқа аттанады. 1942 жылғы 13 тамызда еліміздің сол кездегі астанасы Алматы қаласынан Ұлы Отан соғысы жылдарында құрылған 100-ұлттық атқыштар бригадасы жасақталады. Бес мыңға жуық жауынгердің арасында Нұржан Құсайынов, Райымбек Бәйсейітов, Тахауи Ахтанов, Әзілхан Нұршайықов, Мәлік Ғабдуллин және Сұлтан Жиенбаев сынды қазақтың біртуар азаматтары да болды. Оның ішінде екі қазақ қызы да бар еді: Мәншүк Мәметова мен Мәриям Сарлыбаева. Мәншүктің майдандасы, Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов майданға аттанар сәтін былай еске алады: «Біздің санымыз 100-бригада қатарында І Алматы станциясынан аттанарда 4889 болды, ал Жоғарғы Қолбасшы И.Сталиннің жеке өкімімен эшолон аттанарда қатарымызға Мәншүк қосылып, санымыз 4890 адам болды». Отан қорғауға аттанған қазақстандық әскери құраманы Жамбыл ақын «Батырларым, Сіздерді ерліктерің үшін құрметтесін» деген жалынды тілегімен шығарып салған екен. Майдан даласына аттанған шынашақтай қазақтың батыр қызы барлық ұрыстарда батылдығымен, өжеттілігімен көзге түсіп, қару-жарақты шебер меңгеріп, жанындағы ер азаматтармен иық тірестіре шайқасады. Талай жаралы жауынгердің жарасын таңып, өлім аузынан арашалап қалады. Күні-түні жаумен алысып, от пен оқтың ортасында жүрсе де ұлттық бояуы қанық әндерді тамылжыта шырқайтын өнерін өшірмепті өжет қыз. «Максим» пулеметінен, автоматтық қарудан атуды меңгерген Мәншүк шайқастарда жауға бет қаратпай оқ жаудыратын болған. Қазақ қызының қайсарлығына сүйсінбеген жан қалмаған. Тектілігі мен ептілігінің арқасында Мәншүк жауларына сан мәрте тойтарыс берген. 1943 жылдың қазан айында Мәншүк әскери қызметте болған батальонға Изоча станциясын еш шығынсыз жаудан азат ету туралы бұйрық беріледі. Псков облысындағы Невель қаласын жаудан босату үшін Изоча стансасындағы 173,7 биіктікте сұрапыл ұрыста қазақтың жаужүрек пулеметші қызы өзінің «Максимімен» бірге құйындата оқ боратып, 70 неміс фашисін жер жастандырады. Қасық қаны қалғанша жаумен қасқая күрескен қазақтың батыл да батыр қызы Мәншүк 1943 жылғы 15 қазанда ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты. «15 қазанда Мәншүк қаза тапты. Бұл қаралы хабарды біз сол қырғын ұрыс болған күннің түнінде естіп, қабырғамыз қайысты. «Мәншүк өлді» деген хабарды естігенде тірі қалған солдаттар тегіс жыладық. Мәншүк ортамыздағы жалғыз гүліміз еді. Анамызды да, апамызды да, қарындасымызды да, сүйген жарымызды да біз сол арқылы көзімізге елестетуші едік», - деп жазады Мәншүктің қаруласы Әзілхан Нұршайықов өзінің «Невель түбінде» атты деректі туындысында. Кіші лейтенант Болат Ахметжанов аталмыш ұрыс туралы естелігінде мынадай деректер келтіреді: «Біз жақтан адам өлімі көп болды, сондықтан позицияны тастап артқа шегінуге мәжбүр болдық. Кері шегінер жолда басынан жарақаттанған, ұрыс даласында бір өзі ғана қаза тапқандардың пулеметін қайта тұрғызып, орнына қойып жатқан Мәншүкті көрдік. Біз одан 4-5 шақырым қашықтықта алшақ тұрғанбыз, оған бізбен бірге жүр дегенде, ол «Өздерің бара беріңдер, егер мен кетсем, сендерді кім қорғап қалады», деп қарсылық білдірді. Ол көнбегесін, біздер кете бердік. Біраздан соң тылда өлі тыныштық орнады, біздер бір-бірімізге аң-таң күйде қарап: «Бәрі бітті», деген Болат Ахметжанов естелігін былай аяқтайды: «Осыларды еске түсіре отырып, менің айтқым келетіні, егер Мәншүк бізді жаудан қорғап қалмағанда, қазір тірі болмас едік, сондықтан біз өмір бойы Мәншүкке қарыздармыз!». Қазақтың қаршадай қызының қазасына қатты қайғырып, «Комсомолдың Орталық комитетінің бірінші хатшысы Михайловқа, болмаса маған Батыр атағын берген Калининнің өзіне барам. Тіпті Ворошиловқа кірем. Одан түк шықпаса, менің Мәлік атым құрып кетсін, өзімнің жұлдызымды берем», - деген Кеңес одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің табандылығы мен өжеттілігімен 1944 жылғы 1 наурызда Мәншүк Мәметоваға Батыр атағы беріледі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Отан соғысының адамзат тарихындағы ең қатыгез әрі қантөгісті соғыс, сонымен қатар фашизмге қарсы жалпыұлттық күрес» екендігін айтады. Ол «Мәскеу мен Сталинград түбіндегі қатыгез соғыста Курск пен Днепрде мыңдаған совет солдаттары өз бастарын қатерге тікті. Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллин сынды Қазақстанның әскерилері жеңіс үшін жан алысып, жан берісті. Біздің жерлестеріміздің есімі мен ерлігі біз үшін аса бағалы», - деді. Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесінде барша қазақстандықтар қазақ халқының қаһарман қызы, Кеңес одағының Батыры Мәншүк Мәметованың даңқты есімін мақтан етеді. Мәншүк Мәметованың атында Невель, Алматы, Орал және басқа да қалаларда көшелер бар. 1931-1937 жылдары батыр қыз білім алған Алматы қаласындағы №28 лицейге Мәншүк Мәметованың есімі берілген. Республиканың ондаған мектептері, Қызылорда қыздар педагогикалық училищесі, Ақтөбе медициналық колледжі Мәншүк есімімен аталады. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан Алматы, Орал және ресейлік Невель қалаларында Мәншүк Мәметованың ескерткіштері орнатылған. Ақын, жазушы Мәриям Хакімжанова 1945 жылы қаһарман қыздың өмірі мен өшпес ерлігі туралы «Мәншүк» поэмасын жазса, 1969 жылы «Мәншүк туралы дастан» (сценарий авторы - Андрей Михалков-Кончаловский, режиссері Мәжит Бегалин) көркем фильмі түсірілген.
Просмотров: 2383


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст